Қазақстанда әкімдіктердің ашықтығы жобасы енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен елордада Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі Комиссияның қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссия отырысында data-журналистиканы дамыту перспективалары, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығының эталондық үлгісі, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін талдау нәтижесі және құжат айналымын азайту шаралары талқыланды.

«Рухани Жаңғыру» Қазақстанның қоғамдық даму институты ҚЕАҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев өз баяндамасында жергілікті атқару органдары ашықтығының типтік моделі әзірленгенін және ол 17 өңір әкімдіктерінің өкілдеріне таныстырылғанын айтты. Аталған типтік модель 7 бағыттан тұрады: 1 қадам – ақпарат жинақтау, 2 қадам – проблеманы айқындау, 3 қадам –дайындау процесі, 4 қадам – шешім, 5 қадам – азаматтық қоғам өкілдерімен келісу, 6 қадам – орындау және мониторинг, 7 қадам – бағалау.

«Типтік модельдің негізгі мақсаты мен міндеттері – жаңа ашықтық үлгісін жасау. Сол арқылы әкімдіктердің ашықтығын арттырып, халықтың мұң-мұқтажына жедел жауап қату, азаматтардың арыз-шағымын қарау сапасын арттыру, қоғамдық диалог жүргізу көзделген. Ашықтық моделін енгізу Президент айтқан Халық үніне құлақ асатын мемлекет идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Кемелбек Ойшыбаев.

Оның айтуынша, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерінде ашықтықты қамтамасыз ету тәжірибелері зерттелген.

Сонымен бірге, комиссия отырсында «Зерде» ҰАХ» АҚ Ашық үкімет және деректер департаментінің директоры Г.Д. Абдығалиева мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін талдау туралы, ПМК Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Б.А. Тілеуов, МСМ, БҒМ, ЕХӘҚМ өкілдері Құжат айналымды қысқарту бойынша мемлекеттік органдармен іске асырылған шаралар туралы бяандама жасады.

Отырыс соңында Комиссияның 2020 жылғы жұмысының жоспары таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар