Қазақстанда адвокаттар жетіспейді - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстан адвокатурасындағы бірқатар мәселелерді атап көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстан адвокатурасындағы негізгі мәселелердің бірі, министрдің айтуынша, адвокаттардың жетіспеушілігі.
«Қазақстандағы адвокаттардың қазіргі саны азаматтардың толыққанды заңгерлік көмекке жүгінуі үшін жеткіліксіз. Бәлкім, бұл сөзіммен келіспейтіндер табылар, бірақ Әділет министрлігінде өзекті проблемаларды анықтайтын арнайы уәкілетті орган бар және біз ол мәселелерді ашық талқылауымыз керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен бір адвокатқа 3 900 азаматтан келеді. Салыстырып қарар болсақ, Германияда 500, Англияда бір адвокатқа 890 азамат», - дейді министр.
Бекетаевтың айтуынша, адвокаттардың жетіспеушілігінің басты себебі қаржылық кедергі болып отыр.
«Лицензия алу үшін міндетті тағылымдама құны мен аумақтық адвокаттар алқасына жарнаны төлеу керек. Шығындар әр өңірде әр түрлі, орташа алғанда 800 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін жетеді», - деді ол.
Аталған мәселені шешу мақсатында, республикалық адвокаттар алқасы мен министрлік бірлесіп, жарна мен тағылымдама төлемінің құнын төмендету мәселесін қарастырып жатыр.
«Бұл шаралар адвокаттар санын өсіреді деген сенімдеміз», - деп өз сөзін жалғастырды Бекетаев. «Адвокаттық корпус санының өсуі бәсекелестікті күшейтеді және көрсетілген қызмет үшін берілетін гонорар сомасын арзандатады. Оған қоса, бұл бәсекелестік адвокаттардың кәсіби біліктіліктерін ұдайы жетілдіруге ынталандырады, сәйкесінше заңгерлік көмек пен халыққа қолжетімділік сапасы жақсара түседі», - деді ол
Адвокатурадағы тағы бір өзекті мәселе адвокаттар жұмысына халықтың көңілінің толмауы және шағымдардың артуы.
«Жыл сайын адвокаттар жұмысына түскен шағымдарының көлемі артып келеді, бұл шағымдарды тексеру уәкілеттілігі облыстық алқалардың құзырына берілген. Алайда, іс жүзінде кей облыстық алқалар адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тартпайды. Адвокаттардың жауапкершіліктен сытылып кету мәселесін шешу үшін министрлік республикалық адвокаттар алқасының өкілеттілігін арттыруды жоспарлауда», - деді ол.
Атап айтқанда, министрлік республикалық адвокаттар алқасына шағымдарды тексеру, тәртіптік жауапкершіліктер туралы материалдары қарау және тәртіптік жаза тағайындау өкілеттігін беруді ұсынады. Сондай-ақ азаматтарды ақпараттандыру мақсатында жауапкершілікке тартылған адвокаттар туралы мәліметтерді республикалық алқаның ресми сайтына жариялау механизмін ұсынды.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев халық алдында есеп беру кездесуін өткізді және онлайн жүйеде ҚР тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар