Қазақстанда адамның келбетін танитын технологияны енгізу қаралып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің ішкі істер органдары қызметінде адамның келбетін танитын технологияны енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің ішкі істер органдары қызметін цифрландыру тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Брифинг барысында «Алматы - 2025» жобасында адамның келбетін танитын және биометриялық деректерді анықтайтын құрылғыны енгізу қарастырылған. Осы орайда жаңа технологияны қашан енгізу жоспарланып отыр? деген сауал қойылды.

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов елімізде аталған жаңашылдықты енгізу мәселесі талқыланып жатқанын айта келе, бірақ нақты шешімнің қабылданбағанын жеткізді.

«Қазіргі таңда бейнебақылау камерасының түрлі мүмкіндіктері әлем елдерінде кеңінен қолданылып жатыр. Оның қатарында адамның түр әлпетін тану функциясы мен биометриялық мәліметтерді анықтау да бар. Одан бөлек, түрлі форматтағы шуға әсер етіп, анықтайтын құрылғы да бар. Мысалы, айталық қызыл түсті Toyota Camry маркалы автокөлікке іздеу салынды, аталған құрылғы соған ұқсас жеңіл көлік дыбысын естігенде дабыл қағады. Сол секілді бүгінде биометриялық деректерді анықтау технологиясын енгізу де талқылану үстінде», - деп жауап берді С. Сәрсенов.

Сондай-ақ, министр орынбасары АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея секілді елдердің құқық қорғау органдарында заманауи технологияны енгізу едәуір алға жылжып кеткенін айтып өтті.

Оның айтуынша, жаңа технологиялар қылмысты ізін суытпай ашумен қатар оның алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін С. Сәрсенов биыл 9 айдың ішінде ел көлемінде бейнебақылау камераларының көмегімен 10 мыңға жуық қылмыстың беті ашылғанын мәлім етті.

Одан бөлек, елімізде жол ережесін бұзу фактілерінің 44 пайызын бейнебақылау камерасы анықтағаны белгілі болды.



Соңғы жаңалықтар