Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы әзірленіп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы 2023 жылдың көктемінде дайын болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде адам саудасымен күрес бағытындағы қылмыстарды анықтау мен тергеу бойынша тиісті тәжірибені жинақтадық. Бұған мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы диалог алаңы ықпал етті. Осы орайда адам саудасымен күрес бойынша ведомствоаралық комиссия түріндегі алаң қызмет етіп отыр. Осы тектес өңірлік комиссиялар облыстар мен қалалар әкімдіктері жанында жұмыс істеп жатыр», - деді Қ. Нұрмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, әр үш жыл сайын тиісті іс-шаралар кешенін қамтитын үкіметтік жоспар қабылданады. Қазіргі кезде 2021-2023 жылдарға арналған жоспар орындалып жатыр.

«Оны жүзеге асыруға мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қамтылған. Зардап шеккен адамдардың құқығы мен мүддесін қорғау, оларға көмек көрсету тұрғысында елімізде 20-дан астам үкіметтік емес ұйым қызмет етіп жатыр», - деді ведомство өкілі.

Бұдан бөлек ол бұл саладағы негізгі бағыт ретінде Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасының әзірленуінің маңыздылығын айтты.

«Қазіргі кезде ережелердің көбісі адам құқықтары саласындағы және адам саудасымен күрес бағытындағы халықаралық конвенцияда ратификацияланған. Дегенмен елде жеке заң қабылданбаған. Заң жобасы адам құқықтары тұрғысында Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау бағытында даярланып жатыр. Құжаттың тұжырымдамасын әзірлеу мерзімінде 2022 жылдың қыркүйегі, ал заң жобасын даярлауда 2023 жылдың сәуірі белгіленген», - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының міндетін атқарушы елімізде адам саудасына қатысты қандай қылмыстар анықталып жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар