Қазақстанда адам саудасы жаппай сипатқа ие емес - ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысын өткізіп, онда «Адам саудасына тосқауыл қою саласында адам құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» баяндамасының арнайы жобасы талқыланды.

«Қазақстанда адам саудасы жаппай сипатта емес, алайда, жыл сайын бұл бағытта қылмыстар саны артуда. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2012 жылы - 267 қылмыс, 2013 жылы - 350, ал 2014 жылдың 9 айында 262 қылмыс тіркелді»,- деді комиссия хатшысы Тастемір Әбішев.

Оның айтуынша, адам саудасына қатысты қылмыстарды жасағаны үшін сотталған азаматтар саны да артты. 2012 жылы 116 адам, 2013 жылы - 166, биылғы 9 айда 134 адам сотталды.

Комиссия баяндамасында адам саудасына байланысты қылмыстарды ескерту мен алдын алуға негізгі екпін қойылған, оның ішінде аталған қылмыс құрбандарының арнайы әлеуметтік қызметтер кешенін алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Талқылаулар қорытындысы бойынша комиссия баяндаманы қарау үшін және бекітуге Мемлекет басшысына ұсыну шешімі қабылдады.

Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, табыстылық жағынан алып қарағанда адам саудасы әлемде қару саудасынан кейін үшінші орында тұр. Халықаралық еңбек ұйымының статистикасы бойынша әлемде 21 млн. адам құлдықта жүр. Ал 2014 жылы адам саудасынан түскен табыс 150 млн. АҚШ долларынан астам қаржыны құраған.

Соңғы жаңалықтар