Қазақстанда адам құқығын қорғау бойынша БҰҰ ұсынымы қалай жүзеге асып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде адам құқықтарын қорғауға арналған Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңесінің ұсынымдарының жүзеге асу барысы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әмбебап кезеңдік шолу - адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы міндеттемелер мен міндеттердің орындалуын бағалаудың бірегей тетігі. ӘКШ (Әмбебап кезеңдік шолу) 2008 жылдан бастап БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмысы шеңберінде жұмыс істейді. Ондағы мақсат - елдегі адам құқықтарын қорғау мен көтермелеуді жақсарту бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар ету», - деді ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасарының сөзінше, кеңестің құрамы әділ географиялық бөлу қағидаты бойынша айқындалады.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 1992 жылдан бастап БҰҰ-ның мүшесі. ӘКШ аясындағы біздің еліміздің үшінші шолуы 2019 жылдың қараша айында өтті. Бірінші шолу 2010 жылы, содан кейін 2014 жылы өтті. Шолудың мәні елдің жазбаша баяндамасын алдын ала ұсыну, БҰҰ-ға қатысушы мемлекеттердің сұрақ-жауаптары мен түсіндірмелері форматындағы интерактивті диалог болып табылады. Диалог қорытындысы бойынша елге жолданатын ұсынымдар қабылданады. Елде алынған ұсыныстарды орындау құралдары мен әдістерін өз бетінше таңдау құқығы сақталады», - дейді ол.

Сонымен қатар, А. Ахметова 2019 жылғы 20 желтоқсанда аталған кеңес Қазақстанға қатысты тиісті құжатты қабылдағанын мәлім етті.

Онда Қазақстанның атына 245 ұсыным келіп түскен. Ол туралы кеңестің сайтында танысуға болады және ұсынымдарды орындау мерзімі – 2024 жылға дейін.

«Қазақстан әйелдердің, балалар мен мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету, салауатты орта, отбасы, балалық шақ институтын қолдау және тағы сол сияқты ұсынымдардың 87%-ын (214 ұсыным)қолдады. Ұсынымдар азаматтық қоғамның қатысуымен қаралды және өткен жылдың маусым айында оларды іске асырудың 2020-2024 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспары бекітілді. Және ол 18 бөлімнен тұрып, жалпы саны 77 іс-шараны қарастырады. Азаматтық қоғаммен ұсынымдарды іске асыру барысын талқылау тұрақты негізде жүргізіледі. Бүгінгі таңда 214 ұсыныстың азаматтық қоғам көтерген өзекті мәселелер бойынша 20% орындалды деп айтуға болады. 80% бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», - деді министр орынбасары.


Соңғы жаңалықтар