Қазақстанда 855 мемлекеттік мекеме «open space» форматына көшті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсеноваға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы таныстырылды.Іс-шараға агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған агенттік мәліметінше, барлық өңірлердегі жобалық бастаманың қызметі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға, мемлекеттік қызметтер алу кезінде қолайлы жағдайлар жасауға және қоғамдық бақылау тетіктерін пәрменді іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

«Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы жобаның ел ауқымындағы негізгі нәтижелерін баяндап, кез келген мемлекеттік органның қызметін бағалаудағы азаматтар сенімінің басты талап екенін атап өтті. Талқылау барысында мемлекеттік мекемелерді трансформациялаудың және мемлекеттік органдардың қоғаммен өзара әрекеттестігі қағидаттарының маңызды рөліне баса назар аударылды», - деп атап өтеді ведомстводан.

Қазіргі таңда Қазақстанда 855 мемлекеттік мекеме «open space» форматына көшті, 584 мекеме халыққа кедергісіз қызмет көрсетуге арналған фронт-кеңселерді ашты. Әртүрлі деңгейдегі 253 әкімдік өз қызметін сервистік үлгі негіздеріне бейімдеді.

Агенттік мұндай тәжірибені өз үлгісімен көрсетеді. Департамент қызметкерлерінің ашық кабинеттерін аралаған Тамара Дүйсенова мұндай тәсілдің айқындылық пен сенімге қолайлы жағдай жасайтынына назар аударды.

Астаналық департамент жанындағы «Antıkor Ortalyǵy» сервистік орталығының қызметі Агенттіктің қоғамдық ұйымдармен өзара ісқимылын және халықпен тиімді кері байланысын қамтамасыз етуге арналған алаң ретінде құрылған. Қонақтарға азаматтарды қабылдаудың, соның ішінде «Protecting business and Investments» бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бағыты бойынша заманауи тетіктері таныстырылды. Қызметкерлер «AAntikor.Live брифингтер мен тікелей эфир студиясының жұмысы туралы айтып берді. Кез келген адам спикерлерге сұрақ қоя алады немесе кеңес ала алады.

«Астана – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Мирас Шекенов агенттіктің астаналық әкімдікпен тиімді өзара іс-қимылы туралы айта келе, жобалық кеңсенің іс-шараларының жүзеге асырылу барысын баяндады. Мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражатын жұмсауын онлайн режимде қоғамдық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ететін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» ерекше қызығушылық тудырды.

Кездесу қорытындысы бойынша Тамара Дүйсенова өңірлердегі мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, қоғаммен сындарлы ынтымақтастастық орнату қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әрекеттестік кезінде азаматтың шағымдары созбалаңдыққа салынбай және орталық мемлекеттік органдарға амалсыз жүгінбей, жергілікті деңгейде барынша сапалы қаралу қажет.


Соңғы жаңалықтар