Қазақстанда 82 мың бала үйірме мен спорт секциясына тегін қатыса алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда балалардың шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына баруын жан басына қаржыландыру қағидасы қабылданды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар кешенді стратегиялық шараларды қабылдады. 2020 жылғы 30 желтоқсанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Оның аясында алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс тетігі енгізілді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тиісті нормативтік-құқықтық актілер – жан басына қаржыландыру әдістемесі мен ережелері, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру ережесі және шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының рейтингін анықтау ережесі қабылданды.

Аталған құжаттар ҚР Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті және ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен бекітілді.

«Мемлекеттік шығармашылық және спорт тапсырысын жүзеге асыру биылғы 1 мамырда іске қосылды. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік тапсырысты енгізу 4-18 жастағы 82 241 бала мен жасөспірімнің ақысыз негізде қосымшаға баруын, оның ішінде үйірмемен – 30 172 адамды, спорт секциясымен – 52 069 адамды қамтуға мүмкіндік береді», - деді Е. Қожағапанов.

Соңғы жаңалықтар