Қазақстанда 76 су шаруашылығы нысаны іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті «Қазсушар» РМК-ның дерегі бойынша Қазақстанда құны 149 млрд теңгені құрайтын 76 жаңа су шаруашылығы нысаны іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

46 нысанның құрылысы республикалық бюджеттің есебінен жүзеге аспақ, оның жалпы құны 79 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, Еуропалық даму және қайта құру банкі мен Ислам даму банкінің заемы арқылы 30 нысан пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, «Қазсушар» РМК-ның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында 2016 жылдан бері еліміздің 9 облысы (Ақтөбе обл., Алматы обл., Қарағанды обл., Қостанай обл., Қызылорда обл., ШҚО, Жамбыл обл., Павлодар обл. және Түркістан облысы) бойынша апатты жағдайдағы 20 гидротехникалық нысан қайта жөнделуде. 2016-2019 жылдары аралығында 11 нысан пайдалануға берілді. Қалған 9-ы биыл іске қосылмақ (Павлодар облысы – 3, ШҚО – 3, Алматы облысы – 1, Түркістан облысы – 1 және Қостанай облысы – 1 жоба). Сондай-ақ, 2021 жылдың соңына дейін Павлодар мен Ақтөбе облыстарында тұрақты және милеративті суару жүйесі бойынша 21 жоба пайдалануға берілу жоспарлануда.

Жұмыспен қамту жол картасы аясында бюджеттің есебінен 16 жоба жүзеге аспақ. Оның жалпы құны 32,2 млрд. теңге. Биыл құрылысы жүргізіліп жатқан 16 нысанның 11-і пайдалануға берілмек. Қалған 5 жоба 2021-2022 жылдар аяқталады.

Еуропалық даму және қайта құру банкінің заемдары аясында Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстары бойынша 24 келісімшарт жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы сомасы 59 млрд теңге.

Ислам даму банкінің заемдары негізінде Алматы және Түркістан облыстарында 6 жоба жүзеге асырылады. Оның жалпы құны 44 млрд теңге.

Жалпы, құрылысы жүргізіліп жатқан 24 нысанда 314 техника, 705 жұмысшы мен инженерлік-техникалық қызметкер жұмылдырылған. Оның 453-і жергілікті тұрғын.

Су шаруашылығы нысандарындағы қайта жөндеу мен жаңарту жұмыстары келесідей нәтиже бермек:

- Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы аумағы 155 мың гектар, құны 134,8 млрд. теңге болатын жердегі суландыру жүйелерін қалыпқа келтіреді;

- Апатты жағдайда тұрған 20 су қоймасы мен гидротехникалық нысанды қалыпқа келтіреді. Олар негізінен төтенше жағдай орын ала қалған кезде қауіптің бетін сейілтуге арналған. Су бөгеттері 299 601 адам тұратын 40 елді мекенді қорғап, су деңгейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жинақталған және реттелетін судың көлемі артады.


Соңғы жаңалықтар