Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 4 мыңнан астам мектеп ерекше күтімді қажет ететін балаларды қабылдауға дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова айтты.

«Балаларға білім беру ұйымдарын қолжетімді етуде алға ілгерілеушілік бар. Елімізде 4 мыңнан астам ұйым ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдауға дайын. Ең бастысы олардың ерекшеліктеріне қарай белгілі бір білім беру базасын қалыптастыру керек. Бұл үшін арнайы білім беру бағдарламаларын жасап, олармен жұмыс істей алатын педагог мамандарды әзірлеуді ұсынамыз. Онлайн-оқытуды қолға алу керек. Бүгінде Қазақстанда 15 мыңнан астам бала үйден оқиды. Бұл - жақсы көрсеткіш емес», - деді вице-министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, С. Жақыпова инклюзивті білім беру аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасап, оларды әлеуметтендіруді ұсынды.

«Дәл осы мақсатта Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірігіп, үйден оқитын балалардың сырқаттар тізімі жасалады. Егер баланың мектепке баруға шамасы жетсе, қатарластарымен бірге мектепке баруы тиіс. Ал мектепке бара алмаған балаларды қашықтықтан оқу процесіне қатыстыруымыз керек. Бұл платформа білім берудің барлық деңгейінде - мектеп, колледж және университеттерде жүзеге асырылады», - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 685 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар өмір сүреді, оның 421 мыңы - еңбекке қабілетті жаста, 176 мыңы - зейнет жасында ал 18 жасқа дейінгі балалар саны - 88 мың.

Өткен айда мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 7 жылдық ұлттық жоспар қабылданды. Бұл жоспар 7 бағытта - мүгедектікті алдын алу мен профилактика, инклюзивті білім беру және білімнің қолжетімділігі, кедергісіз орта, экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту мен абилитацияны дамыту; әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту және қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар