Қазақстанда 64% автокөліктің пайдалану мерзімі он жылдан асқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде тіркелген 3,9 млн автомобильдің 64 пайызында пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта автокөлік атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі болып отыр. Оның себептерінің бірі – автокөлік құралдарының тозуы. Тіркелген 3,9 млн автомобильдің ішінде пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан 2,5 млн көлік бар. Яғни 64% құрайды», - деді Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, өткен жылдың соңында «Техникалық реттеу туралы» Заңы қабылданып, жанар-жағармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын К4 және К5 экологиялық сыныптарына сәйкестігіне бақылау күшейтілді.

«Осыған байланысты, Сауда және интеграция министрлігіне жанар-жағармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын бақылауды жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Бұдан басқа, техникалық байқау станциялары мен автокөлік иелерінің жауапкершілігін күшейту өте маңызды. Өз кезегінде әкімдіктер автопарктерді жаңарту жұмыстарын жалғастыруы қажет», - деді М. Мырзағалиев.

Бұған дейін Экология министрі өңірлердегі экологиялық проблемалар қалай шешіліп жатқанын баяндаған еді.


Соңғы жаңалықтар