Қазақстанда 60-тан астам түрмеде үздіксіз бейнебақылау жүргізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың соңына дейін республикада қалған 16 түзету мекемесіне үздіксіз бейнебақылау енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Роман Теленьковтың айтуынша, ҚАЖ комитеті пенитенциарлық мекемелерде үздіксіз бейнебақылау енгізу жұмысын жүргізіп жатыр.

Оның айтуынша, биыл 78 мекеменің 62-сі үздіксіз бейнебақылаумен қамтылған.

«Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам бейнекамера орнатылды, бұл «бейнебақылаусыз орындарды» толығымен жояды. Қалған 16 мекеме бойынша бейнемониторинг енгізуді 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бейнебақылау адамның жеке басын немесе көлігін анықтап қана қоймай, жасалған құқықбұзушылықты анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесіне ие», - деді Роман Теленьков ҚР ІІМ онлайн брифингінде.

Сонымен бірге, ҚАЖ комитетінде барлық бөлімшелердің бейнебақылау жүйелері таратылатын ахуал орталығы құрылған.

Бұл мекеменің қызметіне бақылауды жүзеге асыру мен бұзушылықтар туралы мәліметті өңірлік деңгейде ғана емес, комитет деңгейінде де алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда олардың бір бөлігі орталыққа қосылған.

«Сонымен қатар, қадағалаушы прокурорлар үшін бейне-суреттерді қашықтан қарау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Ахуал орталығына ұялы байланысты өшіргіштердің және адам мен жүк тексеру қондырғыларының белсенділігін мониторингтеу жүйесі қосылады. Жалпы, жаппай бейнебақылауды енгізу пенитенциарлық мекемелерде құқықтық тәртіпті сақтауды және төтенше жағдайлар мен қылмыстарға жол бермеуді қамтамасыз етуге бағытталған», - дейді ҚАЖ комитетінің баспасөз хатшысы.


Соңғы жаңалықтар