Қазақстанда 6 миллионнан астам адам сейсмикалық қауіпті аймақта тұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Электронды үкіметтің сайтында ҚР Үкіметінің «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамының атауын өзгерту туралы» қаулысының жобасы жарияданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобада ҚазҚСҒЗИ атауын «Қазақ сейсмикалық берік құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жоба-эксперименталдық институты» АҚ деп өзгерту ұсынылған.

Жобада, институттың атауын өзгертудің басты себебі ретінде, оның құрылыс саласындағы сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын қызметі атап көрсетілген. Қоғамның осы қызметінің нәтижесінде Қазақстан нарығында баламасы жоқ өнімдер (сараптама қорытындылары, арнайы техникалық жағдайлар, ғылыми-техникалық есептер, нормативтер, күрделі нысандардың жобалары, ұсыныстар, т.б.) жасалады.

«Қазақстан аумағының сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын  үштен бір бөлігінде 6 миллионнан астам адам тұрады. 400-ден астам қалалар мен елді мекендер, өнеркәсіп әлеуетінің 40%-ы осы аймақтарға шоғырланған. «ҚР сейсмикалық аудандарындағы (аймақтарында) құрылыс» ережелері жинағына (2.03-30-2017 ҚР ЕЖ) сәйкес, Алматы қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Ұйымның ескі атауын жаңғыртудың негізі осында жатыр», - делінген құжатта.

Бұдан тыс, соңғы онжылдықтарда Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында орналасқан мұнай өнеркәсібіне маманданған аудандарда, көмірсутек шикізатын қарқынмен өндіруге байланысты, техногендік сипаттағы қуатты жер сілкіністері болу қаупі бар.

Қазіргі кезде ел аумағында негізгі қызметі сейсмикалық құрылыстарға маманданған басқа ұйым жоқ. Осыған байланысты, сейсмикалық құрылыс жөніндегі функцияларды жарғы капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаға беру қажеттігі туындап отыр, - делінген қаулы жобасында.

Қаулы жобасын жариялы талқылау 18 қыркүйекке дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар