Қазақстанда 6-9 жастағы әр бесінші бала артық салмақтың азабын тартуда
2022 жылғы 12 мамыр 16:49

Қазақстанда 6-9 жастағы әр бесінші бала артық салмақтың азабын тартуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропаның ересек тұрғындарының 59 пайызы және әрбір үшінші бала артық салмақтың не болмаса семіздіктің азабын тартып жүр. Қазақстанда да жағдай оңып тұрған жоқ. Соңғы зерттеу деректері 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызы артық салмақтың, ал 6,6 пайызы семіздіктің зардабын шегетінін көрсетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріндегі артық салмақ пен семіздіктің таралуы эпидемиялық ауқымға жетіп, одан ары арта түсуде. Қазіргі қарқын сақталған жағдайда өңірдегі 53 мүше мемлекеттің бірде бірі 2025 жылы ДДСҰ-ның семіздіктің одан ары таралуын тоқтатуға қатысты жұқпалы емес аурулармен күрес жөніндегі жаһандық мақсатты көрсеткішіне қол жеткізе алмайды», - деп дабыл қағады ДДСҰ Еуропалық өңірдегі семіздік проблемалары жөніндегі соңғы баяндамасында.

Ұсынылған деректерге қарағанда, ересек тұрғындардың 59 пайызы, ал әрбір үшінші бала, нақтырақ айтқанда ұлдардың 29, қыздардың 27 пайызы артық салмақ пен семіздікке ұшыраған. Еуропадағы ересектер арасындағы семіздіктің таралуы Америкадан өзге ДДСҰ-ның кез келген өңірінен әлдеқайда жоғары.

Қазақстанда да алаңдарлық жайт орын алып отыр. 2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулықты сақтау орталығы ЮНИСЕФ-тің қаржылық қолдауымен COSI зерттеуінің бесінші раунды аясында мәліметтер жинап, республика мектептеріндегі суға, санитария мен гигиенаға қолжетімділікке базалық бағалау жүргізген еді. Ұлттық іріктемеде еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан 153 мектебі қамтылды. Оның ішінде 81 қалалық және 72 ауылдық мектеп бар. зерттеуге 6 333 отбасы мен бала қатысты.

Зерттеу нәтижесі 2020 жылы Қазақстанда физикалық даму өлшемшарттарына сәйкес, 6-9 жас аралығындағы балалар арасында артық салмақтың таралуы 20,6 пайызды, ал семіздіктің 6,6 пайыз екендігін көрсетіп берді.

2015-2017 жылдары COSI жүргізген көптеген елдердің халықаралық көрсеткіштерімен салыстырғанда бұл деңгей айтарлықтай жоғары болды және де орташа есеппен 26,9 пайызды құрады.

Қыздарға қарағанда ұл балалар арасында артық салмақтың да, семіздіктің де таралу деңгейі жоғары екенін байқауға болады. Нақтырақ айтқанда, ұлдардың 23,6 пайызы, ал қыздардың 17,6 пайызы артық салмақ қосқан болса, ұлдардың 8,7 пайызы, қыздардың 4,6 пайызы семіздікке ұшыраған. Айта кетерлігі, қалалық жерде тұратын балалардың (23,1%) арасында артық салмақтың таралуы ауылдық жерде тұратын балаларға ( 17,5%) қарағанда біршама жоғары.

Республика өңірлері арасында да айырмашылық анық байқалады. Еліміздің солтүстік пен шығыс облыстарында артық салмақ пен семіздік деңгейі ең жоғары болып тұр. Көрсеткіш Қостанай облысында 29,3, Шығыс Қазақстан облысында 27,1, Ақмола облысында 26,3, Солтүстік Қазақстан облысынла 25,3 пайызды құрайды. Ал төмен көрсеткіш оңтүстік пен батыс өңірлерде, атап айтқанда Жамбыл облысында 11,3, Батыс Қазақстан облысында 16, Атырау облысында 16,5, Алматы облысынд 16,6, Маңғыстау облысында 16,8 және Алматы қаласында 17,4 пайыз деңгейінде тіркелген.

2015 жылдан 2020 жылға дейінгі тенденцияны зерделеу 8 жастағы балалардың, әсіресе ұлдардың арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы арта түскендігін көрсетіп отыр. Бұл уақыт өте келе балалар арасындағы артық салмақ пен семіздіктің таралуының төмендемейтінін көрсетеді. Демек, Қазақстанда 6 мен 9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан. Мұның үстіне қалада тұратын балалар шамадан тыс тамақ ішетіндігі байқалады.

Зерттеу нәтижесінде келесі заңдылықтар анықталған:

Республикада балалар арасындағы семіздікпен күреске бағытталған ауқымды жұмыстардың жүргізілгеніне қарамастан артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан балалардың жалпы саны артып келеді. Бұл үрдіс әсіресе ұлдарда көрінеді;

Гендерлік теңсіздік бар: артық салмақ пен семіздіктің таралуы көп жағдайда ұлдардың арасында байқалады. Қыздар арасында бұл процесс біршама баяу;

Қалалық балалар арасында артық салмақ, семіздік және семіздіктің ауыр формасы ауылдық жерде тұратын балаларға қарағанда кеңінен таралған. Бұл урбанизациямен байланысты сияқты;

Қазақстандық балалардың тамақ рационында жеміс-жидек пен көкөністер жетіспейді. Үш баланың бірі тәтті шырындарды жиі ішсе, балалардың 25 пайызы күнделікті таңғы ас ішпейді;

Аналардың 40 пайызы бала дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 6 ай бойы ғана емізетіндігі анықталған;

Балалардың басым бөлігі мектепке дейін және кері бағытта белсенді қозғалыста болады (жаяу не болмаса велосипедпен барады). Бұл олардың күнделікті белсенді қозғалысын қамтамасыз етеді;

Мектеп жасына жетпеген балалар ұйымдастырылатын спорттық сабақтарға жеткілікті тартылмаған;

Балалардың түрлі гаджеттер алдында өткізетін уақыты арта түскені байқалады;

Артық салмағы бар және семіздікке ұшыраған балалар санының аумақтарға қатысты айырмашылығы анықталған.

Айта кетерлігі, артық салмақ пен семіздік - Еуропада өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі. Соңғы мәліметке қарағанда, дәл осы жайт жыл сайын 1,2 миллионнан астам адамның өліміне себепкер болып отыр. Ал бұл көрсеткіш аталған өңірдегі жалпы өлім-жітімнің 13 пайыздан астамын құрайды.

Семіздік көптеген жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде обырдың, жүрек-қан тамыры ауруларының, диабеттің 2 түрінің және созылмалық респираторлық аурулардың тәуекел факторы саналады. Айталық, семіздік онкологиялық аурулардың кемінде 13 түрінің басты себебі саналады. Сонымен қатар Еуропада жыл сайын тіркелетін обырдың кемінде 200 мыңнан астам жағдайының тікелей себепкері саналады. Мұның үстіне алдағы жылдары бұл цифр арта түспек.

Дененің артық салмағы мен семіздік мүдегектікке душар болудың басты факторы да саналып отыр. Еуропада дәл осы жайт мүгедектікпен өмір сүретіндердің 7 пайызына басты себеп болған.

Тағы да айта кетерлігі, артық салмағы бар және семіздікке ұшыраған адамдар COVID-19 пандемиясының салдарын өте ауыр бастан кешіретіні де белгілі болып отыр. Пандемия кезінде олар тамақ ішу мен белсенді дене қимылына қатысты теріс өзгерістермен бетпе-бет келді. Дәл осы жайт алдағы жылдары тұрғындардың денсаулығына өз әсерін тигізетін болады. Ал бұл тенденцияны еңсеру үшін біраз күш-жігер жұмсауға тура келеді.


Jańalyqtar

MURAǴAT