Қазақстанда 55 жастан асқан әйелдердің 24 пайызының табысы жоқ - министрлік
2022 жылғы 13 тамыз 17:30

Қазақстанда 55 жастан асқан әйелдердің 24 пайызының табысы жоқ - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі 55 жастан асқан әйелдердің 24 пайызының табысы жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ашық НҚА порталына сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 55 жастан асқан табысы жоқ әйелдердің үлесі жоғары. Мәселен, елдегі 55-60 жас аралығындағы әйелдер саны 634,5 мың, олардың 24 пайызының табысы жоқ. Мұндай санаттағы адамдар Алматы, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында көп. Айта кету керек, бұл көрсеткіш әйелдердің осы санаты арасында кедейлікті көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар олардың болашақ зейнетақысының мөлшеріне әсер ететін жағымсыз салдары бар», - деп көрсетілген министрік ұсынған жоспарда.

Еске сала кетсек, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын азайту емес, зейнетақыны көбейту мәселесін шешу керектігін айтқан болатын.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT