Қазақстанда 505 елді мекенді су басу қаупі туындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер көктемгі су басу қаупі бар 505 елді мекеннің анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда көктемгі су басу қаупі бар 505 елді мекен анықталып отыр. Олардың 75-і Алматы облысында, 76-ы Шығыс Қазақстанда, 46 елді мекен Ақмола облысында, 35-і Ақтөбе өңірінде, 33-і Қарағанды аймағында, 31-і Қызылорда облысында, 52-і Қостанай облысында, 14-і Павлодар өңірінде және 18-і Солтүстік Қазақстан облысында», - деді Владимир Беккер ТЖК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, су тасқыны мен еріген сулардың әсерін төмендету мақсатында тұрғындар мен көлік инфрақұрылымына 2017 жылдан бастап тасқынды болдырмау бойынша жол картасы іске асырылуда.

«Жол картасы бойынша 2 жылдың ішінде 357 іс-шара өткізілді. 174 қорғау бөгеті салынып, нығайтылды. 119 гидротехникалық құрылыс жүргізіліп, 64 көпір жөнделді», - деді ол.

Владимир Беккер атап өткендей, ТЖК су тасқыны жағдайының ықтимал күшеюіне жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдарының арнайы топтарын жасақтаған. Құтқару жұмыстары секілді кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін барлық бөлімшелер (оның ішінде азаматтық қорғаныс бойынша әскери бөлімдер) қажетті техникамен, жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Осы жылдың 26-27 ақпанында Петропавлда өтетін «Көктем-2019» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау органдарының, күштер мен құралдарының іс-қимылдары практикалық тұрғыда пысықталатын болады», - деп түйді Владимир Беккер.

Соңғы жаңалықтар