Қазақстанда 500-ге жуық Өзбекстан азаматы жазасын өтеп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл шарт еліміздің Конституциясында бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Елімізден тыс аумақта жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік берілген. 22 елмен осындай екіжақты шарт жасалды, оның 21-і ратификациялады. Бұл келісім Қазақстан мен Өзбекстанның бір-біріне деген сенімінің белгісі. Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөз жүргізілді. Қазіргі кезде Қазақстанның бас бостандығынан айыру мекемелерінде 486 Өзбекстан азаматы жазасын өтеп жатыр. Ал Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Осы орайда ол бұл шарттың әлеуметтік маңызы бар екенін айтты. Отбасы мүшелерімен, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзету мақсаты тек қана оларды жазалау емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау.

Шарт халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстанның және Өзбекстанның ұлттық заңнамаларына сәйкес әзірленген және жасалған.

Құжат ережесіне тоқталсақ, сотталған адамды өз еліне беру үшін оның келісімі қажет. Ол жазасын өз елінде өтейтіні туралы өтініш беруі тиіс.

«Заң бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді. Оны жүзеге асыру экономикалық, әлеуметтік және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды», - деді Ә. Шындалиев.

Бұған дейін хабарланғандай Өзбекстан түрмелерінде 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар