Қазақстанда 50-60 жастағы 325 мың әйелдің табысы жоқ - Еңбек министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда 50-60 жастағы 325 мың әйелдің табысы жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр зейнеткерлік жасқа дейінгі әйелдерді жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Қазақстанда 50-ден 60 жасқа дейінгі 1 млн жуық әйел бар, оның ішінде 325 мыңының табысы жоқ, бұл болашақта зейнетақы төлемдерінің төмен деңгейіне тікелей әсер етеді.

«Болашақ тәуекелдер сөзсіз әлеуметтік сипатқа ие болады, осыған байланысты 2022 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасы алғаш рет іске қосылды. Өткен жылы жоба аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, олардың жартысы – әйел. Жобаға қатысушылар контингентін кеңейту үшін биыл біз қатысу жасын қайта қарадық. Егер өткен жылы жобаға 59 жастан асқан адамдар ғана қатыса алса, биыл жас шегі 50 жасқа дейін төмендетілді, бұл 9,4 мың егде жастағы азаматты қамтуға мүмкіндік берді, оның 54%-ы – 50 жастан асқан әйел.

Жұмыс орындарын жұмыс берушілер ұсынады, қатысушылар біліктіліктеріне қарай өз бетінше таңдауға құқылы», - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, әйелдерді ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналастыру туралы хабардар етті.

«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тағы бір белсенді шарасы – бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру. Наурызда гранттарды бөлудің I кезеңі өтті, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік гранттарды 2 564 адам алды, грант алушылардың 62,4%-ы әйел болды.

Республика бойынша грант алушылардың басым көпшілігі көп балалы отбасылар қатарынан 1 384 стипендиат (оның ішінде 917 әйел), мүгедектігі бар адамдар арасынан 494 адам (168 әйел), мүгедектігі бар балалардың қамқоршылар тізімінен 306 адам (239 әйел), атаулы әлеуметтік көмек алатын 176 адам (127 әйел)», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биылдан бастап енгізілген жастардың жылдық 2,5% кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген микрокредит беру туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«2023 жылға арналған республикалық бюджеттен 5 796 жас кәсіпкерге 5 млн теңгеден микрокредит беру үшін 29 млрд теңге қарастырылған. Микрокредиттер Агрокредиттік корпорация арқылы беріледі. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1 118 өтінім келіп түсті, оның ішінде комиссия жалпы сомасы 482,5 млн теңгеге 102 өтінімді мақұлдады. Бұдан басқа, 420 өтінім Агрокредиттік корпорацияның өңірлік филиалдарында қаралып жатыр, 149 өтінім пысықтауға қайтарылды, 448 өтінім өңірлік комиссиялардың қарауында болса, 26 өтінім бойынша комиссиялар нақты бизнес-жоспарлардың болмауына байланысты микрокредиттер беруден бас тарту туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар