Қазақстанда 5 мыңға жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда 6 290 ауылдық елді мекен бар, оның 4 858-і кең жолақты мобильді интернетке қосылған. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маңызды стратегиялық міндеттердің бірі – байланыс саласын дамыту. Бүгінде Қазақстанда 6 290 ауылдық елді мекен бар, оның 4 858-і кең жолақты мобильді интернетке қосылған. 3G орнына 4-ші буынды байланыспен қамту жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ технологиялық тұрғыда ескірген ADSL жоғары жылдамдықты технологияға ауыстырылады», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Министрдің айтуынша, бүкіл әлемде ойын-сауық контентінің интернет-трафигін пайдалану қарқыны артып отыр.

Сондықтан да байланыс инфрақұрылымына жүктеме артып келеді.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдер байланыс инфрақұрылымына белсенді инвестиция салып жатыр. Біз өткізген 5G бойынша алғашқы аукцион телекоммуникация нарығының озық өтелетін жобаларға инвестиция салуға үлкен қызығушылығы барын көрсетті», - деп атап өтті Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар