Қазақстанда 447 шетел азаматы пробацияда тұр - Ерлан Тұрғымбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конвенцияның негізгі мақсаты – әр азаматқа өз жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру. Конвенцияға Ашғабат қаласында 2019 жылы Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері қол қойды.

«Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі жазаны тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады. Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі: сотталушының азаматтығы, оның жазбаша келісімі, сот шешімінің көшірмесі, мінездеме, келтірілген шығын туралы мәліметтер. Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, жазасын өтеуші шешім қабылданған соң 45 күн ішінде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады.

Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған:

• Ұлттық заңнамаға сәйкес, жазасын өтеушінің әрекеті қылмыс болып табылмаса;

• Қылмыстың мерзімі өтіп кетсе;

• Ел тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздікке қауіп болса;

• Жазасын өтеу мерзімі 6 айдан аз болса;

• Ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайларда бас тартылады.

«Қазіргі уақытта елімізде 447 шетел азаматы пробацияда тұр. Өзбекстаннан 216, Ресейден 138, Қырғызстаннан 38, Армениядан 5 азамат. Ал өзге елдерде 280 Қазақстан азаматы жазаға тартылған. Ресейде 251, Өзбекстанда 24, Қырғызстанда 2, Беларусьте 3 азамат», - деп нақтылады министр.

«Тағы бір атап өтетін мәселе – дүниежүзінде осындай әлемдік тәжірибе бар. Еуроодаққа мүше мемлекеттер осы Конвенцияға ұқсас Декларация қабылдаған. Осы Заңды қабылдау - жазасын өтеушілерді тұрғылықты жері бойынша қайтаруға, олардың қоғамға тиімді оралуына мүмкіндік береді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.


Соңғы жаңалықтар