Қазақстанда 406 кәсіпорын 406 колледжді өз қамқорлығына алды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда кәсіпорындар колледждерді қамқорлығына алып, маман даярлауына көмектеседі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылы 51 кәсіпорын колледждерге қамқорлық жасаса, қазір 406 кәсіпорын 406 колледжді қамқорлығына алды. Мысалы, «Казцинк», «СарыарқаАвтоПром», «Дон» тау-кен комбинаты, Altyntau, Kokshetaу кәсіпорындары колледждерді қамқорлықтарына алып, жұмыс істеуде. Олар бағдарламаларды жаңарту, дуалды оқыту, материалдық базаны нығайту сияқты жұмыстарға да араласуы тиіс», - деді А. Аймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, биыл тағы бір пилоттық жоба басталды – кәсіпорындардың өздеріне мақсатты тапсырыс беру арқылы олар кадр даярлау жұмысына тартылады.

«Биылғы жаңа оқу жылында оларға мақсатты 20 мың грант береміз. Бизнес мамандардың біліктілігіне күмән тудырса, енді біз олардың өздерін осы жұмысқа тарттық. Кәсіпорындар студенттерді және оқытатын ұйымды да тандайды, бірақ сол түлектердің жұмысқа орналасуы, дуалды оқыту және практикадан өтуі бойынша кепілдік береді. Осылайша мамандарды даярлаудың сапалы болуына да жауапты. Бұл үшін алдын ала келісім бар», - деп түсіндірді Білім министрі.

Айта кетейік, келесі оқу жылы үшін жоғары оқу орындарына 73 мың, колледждерге 31 мың грант бөлінеді. Қазақстанда 50-ге жуық ескі мамандық бойынша оқыту тоқтатылды және бұрын-соңды болмаған 60-қа жуық мамандық ашылған. Сонымен бірге, елімізде 2 жылда маман әзірлейтін «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады.


Соңғы жаңалықтар