Қазақстанда 400 мың адамның еңбек шарты электронды форматқа көшірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда еңбек шарттарын электронды түрде тіркеу көрсеткіші өсіп келеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Еңбек және xалықты қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өткен жылы ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек шарттарын электронды тіркеу жүйесін пилоттық жоба түрінде қолға алған болатын. Бүгінде бірыңғай жүйеде жұмыс берушілер 400 мыңға жуық еңбек шартын тіркеді. Жұмыс берушілердің ішінде «Air Astana» АҚ бірінші болып еңбек шарттарын электронды тіркеуге толығымен көшті. Негізі, қазірдің өзінде заң бойынша кадрлық құжаттаманың барлығын қағаз жүзінде жүргізбей, толығымен электронды жүйеге ауыстыруға болады», - делінген ресми xабарламада.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев «Air Astana» компаниясына арнайы барып, сол жердегі цифрландыру шараларымен танысып қайтты. Қызметкерлердің сөзіне қарағанда, электронды жүйені енгізгенде бірқатар қиындықтар болған. Алайда оның бәрі ойдағыдай шешілді. Қазіргі кезде «Air Astana»-да әрбір қызметкерде цифрлық қолтаңба бар. Ал еңбек шарттары BPM жүйесінде тіркеледі. Компанияда 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Air Astana»-ның кадрлық қызмет саласындағы инновациялық шешімдері мақтауға тұрарлық. Болашақта цифрлық формат кеңінен таралады. Сондықтан, компанияның тәжірибесі жақсы, оны кеңінен тарату қажет. Еңбек және xалықты қорғау министрлігі ондай цифрлық бастамаларды толығымен қолдайды», - деп атап көрсетті Н.Мұқышев.

Соңғы жаңалықтар