Қазақстанда 4,6 млн адамның ипотекалық баспана алуға мүмкіндігі бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 4,6 миллион адам ипотекалық баспанаға үміт арта алады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Несие кімдерге берілмейді деген мәселе көтерілген болатын. Біздегі ақпаратқа сүйенсек, 18,3 миллион адамның ішінде 13,7 миллионында тиісті шектеулер бар. Атап айтқанда, 3,5 миллион адамда алған несиелері бар. Бұдан бөлек, 15 жасқа дейінгі тұрғындар 5,3 миллионды құрап отыр, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 2,1 миллион, зейнеткерлер - 2,1 миллион, сондай-ақ 250 мың адамда қарыз өтеу мерзімі асып кеткен. Тұрғындардың 500 мыңы студент екенін атап өткен жөн. Сонда, 4,6 миллион адам несие алу құқығына ие болып отыр», - деді комитет басшысы Сенат депутаттарымен өткен кездесуде.

Оның атап өтуінше, жыл сайын елімізде 100 мың пәтер салынады, бұл өз кезегінде жылына 12 миллион шаршы метрге тең. Осы орайда негізгі көрсеткіштің 40 пайызы Астана мен Алматыға тиесілі.

«Несиелік баспана бойынша бізде жыл сайын 15-20 мың пәтер салынады. Бүгінде елімізде кезекте 492 мың адам тұрса, соның 200 мыңы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, тағы 200 мыңы мемқызметшілер, бюджет қызметкерлері, сондай-ақ қалған 60 мыңға жуығы жетім балалар мен ардагерлер және басқалары», - деп түйді М. Жайымбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков Сенат депутаттарына «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады.

Оның атап өтуінше, бағдарламаға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Сбербанк қатысуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар