Қазақстанда 4 429 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 4 429 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылған. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл — Ел бесігі» жобасын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылды елді мекен бар, оларда 7,8 млн ауыл тұрғыны тұрады. Бұл ретте, 4 429 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылған, 5 535 ауылда – аудан орталығына асфальтталған жолдар, 3 738 ауылда – мәдениет нысандары, 4 553 ауылда – білім беру нысандары бар, 5 195 ауылда – денсаулық сақтау объектілері, 4 023 ауылда – спорт нысандары бар», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айутынша, 2019-2021 жылдарға 206 млрд теңге бөлініп, 2,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды.

«Бұл 250 тұрғын үй-коммуналдық, 676 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 1,7 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысандарын жаңғыртуға мүмкіндік берді. Жалпы, 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігін» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалды .

2019 жылы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастады .

Оның басты мақсаты — ауылдағы адамдардың өмірін жақсарту. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру — осының барлығы аталған бағдарламаны іске асыруды көздейді.


Соңғы жаңалықтар