Қазақстанда 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейді – бірінші вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бүгінде 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол Өзбекстанда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» халықаралық конференциясы барысында жұмыспен қамтудың стандартты емес түрлерінің көбеюі байқалғанын атап өткен.

Бірінші вице-министрдің мәліметінше, 10 жыл ішінде әлемде цифрлық еңбек платформаларының саны 5 есе өсті. Платформалық жұмыспен қамту көптеген адам үшін ақша табудың және кәсіби дамудың нақты әдісіне айналуда.

«Жаһандық компаниялардың 40%-ы өз жұмысында фрилансерлер санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда, біздің бағалауымыз бойынша, бүгінде 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейді», – деді Ақмәди Сарбасов.

Спикер бірқатар жаңа стратегиялық бастамаларды да ұсынды. Ол халықтың табысын 2025 жылға қарай 27%-ға арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге көмектесуі тиіс. Жалпы бастамалар 4 бағытта іске асырылады:

– оқыту және қайта даярлау арқылы жұмыс күшінің сапасын арттыру;

– заңнамалық реттеу арқылы еңбек нарығын ырықтандыру және жұмыстың икемді түрлерімен қамтылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету;

– халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту;

– еңбек нарығының цифрлық экожүйесін құру арқылы қызметтерді ауқымды цифрландыру.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде алдағы 5-10 жылда 240-қа жуық кәсіп пайда болуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар