Қазақстанда 3 млн тонна сүт өнімдері тапшылығы бар – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев отандық сүт өндірісінің дамуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қолдау азық-түлік импортын азайтуға тікелей әсер етеді. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 6,3 миллион тонна сүт өндіріледі. Оның 1,6 миллион тоннасы сүт өнімдерін жасауға жұмсалады. Аталған көлемнің 1 миллион тоннасын отандық ірі шаруашылықтар жүзеге асырады. Дегенмен сүт өнімдерінің импортына тәуелділік маңызды мәселе күйінше қалып отыр. Мәселен, жыл сайын елге 600 мың тонна сүт өнімдері әкелінеді. Қазір нақты тапшылық - жылына кемінде 3 млн тоннаны құрайды. Сондықтан сүт және сүт өнімдері фермалары үшін мемлекеттік қолдау көлемінің қысқаруы импортқа тәуелділіктің өсуіне алып келеді. Ал құс шаруашылығында импортқа тәуелділік 70%-ға жетті. Жұмыртқадан бастап тауықтың балапанына дейін сырттан әкелініп жатыр», - деді Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев дөңгелек үстел барысында.

Халық қалаулысы импортқа тәуелділікті азайту керек деп санайды.

«Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына тікелей әсер етеді. Осы орайда субсидия мәселесінің әлеуметтік маңызы зор. Біз сала мамандары мен әкімдіктердің ұсынысын тыңдадық. Оның нәтижесі - мемлекеттік қолдаусыз фермерлер жұмыс жасай алмайды, әсіресе қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда субсидиялау процесі таяу арада электронды форматқа көшеді.


Соңғы жаңалықтар