Қазақстанда 285 елді мекенде су тасқыны қаупі сақталып отыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 285 елді мекенде су басу қаупі сақталып отыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Температураның көтерілуінің әлемдік үрдісіне байланысты әлемдегі су тасқыны саны 6% артты. Бүгінгі таңда біздің негізгі міндетіміз - адамдардың құрбан болуына жол бермеу және елді мекендерді су басу қаупін барынша азайту. Біз төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою іс-шараларының үйлестірушісі ретінде жыл сайын ведомствоаралық комиссияның отырыстарында республикалық және облыстық деңгейлерде, сондай-ақ Үкіметтің, Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында су тасқынына дайындық мәселелерін қараймыз. Аумақтарды қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынын атап өткім келеді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар өңірлерді дамыту жоспарлы құжатында көзделеді. 2017 жылдан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі әзірлейтін су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын іске асыру тиімділігін көрсетіп отыр, еліміз бойынша су тасқыны қаупі бар 1 010 елді мекен қамтылды», - деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, өзен жағалауын нығайту, арналарын, каналдар мен арықтарды тазарту, қорғаныш бөгендері мен гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу, жергілікті құлақтандыру жүйелерін орнату шаралары су басу қаупін кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік берді.

«Мәселен, 180 мыңнан астам халқы бар 340 елді мекенге қатысты (33,6%) қауіп-қатер жойылды және 231 мыңнан астам халқы бар 385 (38,1%) елді мекенен қауіп-қатер барынша азайтылды. 285 елді мекен (431 мыңнан астам халқы бар) үшін су басудың ықтимал қаупі сақталуда, олардың 132-сі бұрын картамен көзделген жоқ (әкімдіктермен қосылмаған). Осыған байланысты әкімдіктермен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тізбесіне түзету енгізу жоспарланып отыр. Ол жаңа қауіпті учаскелермен толықтырылады», - деді министр.

Айта кетейік, жақында Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі төнген ауылдан тұрғындар көшірілді.

Сонымен қатар биыл сәуірде Ақмола облысының бес ауданында су тасқыны қаупі жойылды.


Соңғы жаңалықтар