Қазақстанда 24 монополист тарифті төмендетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысының 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын орындау барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Бас Прокуратурасының ұсынымын орындау аясында монополистердің электр энергиясын беру және жабдықтау саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді төмендету бағытында жұмыс жүргізілді. Бүгінгі күні  10 монополист бойынша жылумен жабдықтау қызметтеріне 4,4 млрд теңге сомаға (Астана және Алматы қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары) тарифтер төмендетілді.

Сонымен қатар, 14 монополист бойынша электр энергиясын тарату және жабдықтау қызметтеріне 12,1 млрд теңге сомаға (Астана, Алматы және Шымкент қалалары, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары) тарифтер деңгейі түсірілді», - деді Т. Сүлейменов.

Атап айтқанда, халықпен кері байланысты ұйымдастыру үшін барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, 12 қарашада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық мәселелер бойынша халықты қоғамдық қабылдаулар ашылды. Тек қана бір күнде қатысушылар саны 617 адамды құрады.

Осындай қоғамдық қабылдаулар апта сайынғы негізде өткізілетін болады.

«Өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындылары бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін келіп түскен шағымдардың негізінде сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электр энергиясы мен газ беру, жабдықтау қызметтерін көрсететін базалық монополистер қызметіне жоспардан тыс тексерістер жүргізу ұйымдастырылатын болады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етті.

Сонымен қатар Президент Қазақстанда электр энергиясы құнын төмендетуді тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар