Қазақстанда 22 сауда орталығы жабылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде өрт қауіпсіздігі шараларын қабылдамаған 22 сауда үйі жабылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2011 жылдан бастап бизнестің жұмысын жеңілдету және оған кедергі келтірмеу үшін азаматтық қорғаныс қызметтері үйдің, ғимараттың құрылысын жобалау және қолданысқа қабылдауда міндетті түрде келісімін беретін органдардың тізімінен шығарылған. Азаматтық қорғаныс қызметтері нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана бақылау жұмыстарын жүргізе алады.

«Кемероводағы оқиғадан кейін біз Бас прокуратурамен келісе отырып ауданы 1 500 шаршы метрден асатын адамдар жаппай баратын нысандар мен барлық оқу орындарын тексердік. Әрине, біз көптеген бұзушылықтарды анықтадық. Қосалқы шығатын есіктерді жауып тастаған. Барлық факті бойынша 15 мыңнан астам хаттама жазып, 19 млн теңгеге айыппұл салдық. Сотқа 22 нысанды жабу туралы ұйғарым жібердік. Себебі олар қойылатын талаптарға мүлдем сай келмейді», - деді министр.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңіріндегі ірі сауда орталықтары тексерілген болатын. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ержесін бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалған сауда үйлерінің тізімін жария етілген еді.

Соңғы жаңалықтар