Қазақстанда 216 мың борышкер алимент төлеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алименттік берешек бойынша қордаланған мәселеге байланысты сот орындаушылар борышкерлерге жұмыс іздеуге мәжбүр болып отыр. Бұл жайлы Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаментінің директоры Дархан Игембаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот орындаушылардың алдында тұрған ең басты міндет – сот үкімін орындау. Қиындық жоқ емес, бар. Ең бастысы, әлеуметтік санатқа жататын мәселелерде, атап айтқанда алимент өндіруде, жалақы берешегін орындауда түйіткілді мәселелер қордаланған. Алимент өндіру саласында бүгінгі таңда үстіміздегі жылдың алты айында сот орындаушылардың (мемлекеттік және жеке) қолында 230 мыңға жуық іс бар», - деді департамент басшысы Әділет министрлігінде өткен дөңгелек үстелде.

Дархан Игембаевтың айтуына қарағанда, алимент өндіруде ең басты проблема – борышкер азаматтың «төлеуден бас тартпаймын, десе де жұмысым жоқ» деген уәжі. Алайда сот үкімінде «өндірілсін» деген шешім ғана бар.

«Сондықтан, сот орындаушылардың басты мақсаты – борышкерге барлық жағдай жасап беру болып отыр. Ал айналып келгенде сот орындаушылардың міндетінде борышкерге жұмыс іздеу ісі жоқ. Соған қарамастан, сот орындаушылар аумақтақ әкімшіліктерге жиындарды жиі өткізіп, жұмыспен қамту орталықтарында борышкерлермен мамандығы бойынша тиісті жұмыс тауып беріп жатыр», - деді ол.

Департамент директорының айтуына қарағанда Әділет министрлігінің қызметкерлері (сот орындаушылармен бірге) жыл басынан бері 800-ге тарта борышкерге жұмыс тауып берген.

«Осының арқасында борышкерлер әлеуметтік берешегін өтеп жатыр. Бүгінгі таңда 230 мыңға жуық алимент өндірісі бар. Оның ішінде проблемалық істері 14 мыңнан асады. Яғни, 14 мың алименттік іс бойынша өндіру мәселесі толығымен шешілген жоқ. Демек, 14 мың борышкер өз әлеуметтік берешегін 3 ай және одан да ұзақ уақыт бойы төлемей жатыр», - деп сөзін шегелей түсті Игембаев.

Соңғы жаңалықтар