Қазақстанда 2050 жылға қарай орташа жылдық температура 2,7 градусқа дейін көтеріледі - климатологтар пікірі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ғаламдық жылыну Қазақстанға да өз ықпалын тигізбек. Қазақстанда 2030 жылға қарай орташа жылдық температура 1,4 градусқа, 2050 жылға қарай - 2,7 градусқа, 2085 жылға қарай 4,6 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай болжам бүгін Алматыда өткен климаттық өзгерістерге байланысты ІІ Орта Азиялық форумда айтылды.

Мамандардың айтуынша, ғаламдық өзгеріс Қазақстанға да теріс ықпалын тигізбей қоймайды.

«Климаттық өзгерістің жалпы Орта Азия аймағына ықпалы айтарлықтай болады. Біз болашақта құрғақ маусымдардың одан әрі құрғап, ылғалды маусымда жауын-шашынның көбірек түскенін көреміз. Ауаның жылынуына байланысты қар мен ылғал жер бетінде бұрынғыдан аз уақыт жататын болады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде қиындық туғызады. Мұндай проблема азық-түлік қауіпсіздігінің қамтылуын қиындата түспек», - деді Бүкіләлемдік Банктің Еуропа және Орталық Азия аймақтық кеңсесінің «Табиғи ресурстарды мен қоршаған ортаны тиімді пайдалану және қорғау» бөлімінің менеджері Күлсім Ахмет.

Оның айтуынша, климаттық өзгерістер тек азық-түлік мәселесі емес, энергетика ресурстары мен су тапшылығын тудырады. Ал, ол өз кезегінде бірқатар экономикалық түйткілдерге әкеп соқпақ.

Климатологтар бұл мәселені тиімді шешудің бірқатар механизмдерін ұсынуда.

«Біз ең алдымен ауаны парник газымен ластауды доғаруымыз керек. Энергияны өндіру технологиясын өзгертіп, жел және күн энергетикасын, яғни балама энергетика көздерін дамытуымыз керек. Ал, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ең оңтайлы шешім - егіс маусымын өзгерту болар деп ойлаймын. Егінді суғаруға шығындалатын су ресурстарын тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырған жөн», - деді К.Ахмет.

Соңғы жаңалықтар