Қазақстанда 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету қадамдары әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету қадамдары 70 іс-шарадан тұрады.

Бұл туралы Үкімет отырысында инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылдық есептеуде Қазақстанда инфляция 8 айдың қорытындысы бойынша 8,7%-ды құрады және тарихи қалыптасқан құрылымға сәйкес, оның 50%-дан астамы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне тиесілі болып отыр. Елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әзірленді. Шаралар кешені жобасы жедел және орта мерзімдерге арналған 2 бағыт бойынша 70 іс-шарадан тұрады. Бұл іс-шаралар бағалардың өсуін тежейтуге бағытталған қадамдарды және де инфляцияның қарқынын бекітілген нысаналы дәлізге кіргізуге бағытталған жүйелі жұмыстарды қамтиды», - деді Ә. Ерғалиев.

Бірінші бағыт - 2021 жылға арналған жедел шаралар бойынша іске асырылатын болады.

1. Тауар ұсынысын кеңейту аясында 16 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар түрлерін сатып алуды ұйымдастыру және өндірушілердің қажеттілігін айқындау, форвардтық шарттар мен «айналым схемасы» аясында тетігін бекіту көзделген.

2. Талдау және ұйымдастыру шаралары бойынша 7 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тізімі скрининг, сауда процестерін цифрландыруды, тамақ өнеркәсібінің жартылай жұмыс істейтін және тоқтап тұрған қуаттарын мониторингтеуді әрі талдауды қамтиды. Соның ішінде, әләуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бақылауды институционалдық күшейту көзделген.

3. Реттеушілік шаралар бойынша 10 іс-шара іске асырылатын болады.

Олардың қатарына, ішкі нарықта тапшылық немесе бағаның өсуі байқалса, қажет болған жағдайда, шикізат пен материалдарды экспорттауға шектеулер енгізіледі. Сондай-ақ, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен экспорттауға алты айға тыйым салу және медициналық қызметтерге кешенді тарифтер бекіту кіреді.

4. Антимонополиялық шаралар бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның ішінде сауда үстемелерінің негізділігін бақылауға, бағалық сөз байласу белгілерін анықтауға және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

«Екінші бағыт аясында 2024 жылға дейінгі орта мерзімді қадамдар бойынша 28 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тұрақтандыру қорларының жеткіліктілігін қамтамасыз ету, импорталмасу жобаларын іске асыру шараларын, сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден кету және дезинфляциялық ақша-несие саясатын жүзеге асыру сияқты жүйелі жұмыстарды қамтиды. Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларын тиімді іске асыру және олардың орындалуына мониторинг жүргізу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі қарамағында тұрақты жұмыс істейтін операциялық штаб құру ұсынылады. Оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары кіреді. 2021 – 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының тұрақтандыруына әкеледі», - деді министр.

Үкімет отырысындағы талқылау барысында аталған жоба мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар