Қазақстанда 2020 жылы допты хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2020 жылы допты хоккейден жастар арасында (жасы 21-ден аспаған) әлем чемпионатын өткізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Допты хоккей халықаралық федерациясының (FIB) техникалық комитет мүшесі Сергей Мяустың айтуынша, FIB Конгресі жексенбіде Швециядағы Венерсборгте болған. Ол қалада қазіргі уақытта допты хоккейден ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр.

«Конгресте 2020 жылы жастар арасындағы әлем чемпионаты Қазақстанда өтетіндігі туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, 2020 жылы Архангельск қаласында U-15 Әлем чемпионаты ұйымдастырылса, U-17 Швецияның Мутала қаласында, U-19 финдік Варкауста өтеді. Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Драмменде (Норвегия) болады, ал ерлер арасындағы әлем чемпионаты Иркутскіде ұйымдастырылады. Мамыр айында FIB техникалық комитеті тиісті мәселелерді талқылап, дайындықты бастайды», - деді Мяус.

Айта кетсек, U-21 әлем чемпионаты 2017 жылы Швецияда ұйымдастырылып, ақтық кезеңде алаң иелері Ресей құрамасынан басым түскен болатын.

Соңғы жаңалықтар