Қазақстанда 2017 жылдан бастап футбол алаңдары сертификаттаудан өтетін болады - ҚФФ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2017 жылдан бастап футбол алаңдары сертификаттаудан өтетін болады. Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Алматыда футбол қауымдастығымен кездесу барысында осылай мәлімдеді. Сонымен қатар, кездесуде футболдың бүгінгі жағдайы талқыланып, балалар мен жасөспірімдер ойынын дамыту мәселелері сөз болды. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметінен хабарланды.

«Біз үшін балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бірінші кезектегі басымдық болып табылады. Өйткені, спорттың осы түрінің негізгі өзегі жас ойыншыларды қалыптастыру арқылы, олардың шеберліктерін шыңдау арқылы жетіле түспек. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жақсартпай футболды дамыту туралы әңгіме айту бекер. Сондықтан да, Федерация сапалы футбол алаңдарының санын арттыруға көмек беретін болады», деді Е. Қожағапанов.

Оның айтуына қарағанда, алдағы уақытта еліміздегі футбол алаңдары мен стадиондарға талап сатылап күшейтіле түспек. Биылғы жылдың өзінде Премьер Лига алаңдарының барлығы аудиттен өткізіледі, бұған шетелдік мамандар да тартылып отыр.

«2017 жылдан бастап барлық алаңдар сертификаттаудан өтетін болады. Сапасыз алаңдарда енді матчтар өткізбейтін боламыз», - деді Ерлан Қожағапанов.

Бұдан бөлек, Федерация басшысының айтуынша, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболынан өту регламенттері жасалып, өңірлік федерациялар қызметі жетілдіріле түсетін болады. Сосын балалар жаттықтырушыларының рейтингі әзірленеді, соған қарай ынталандыру кестесі де қабылданбақ. Соным ен қатар, ел футболын дамыту үшін халықаралық ынтымақтастыққа да барынша назар аударылады.

«Футбол әлемінде Қазақстанның имиджін көтеру мақсатында біз елімізде маңызды футбол додаларын өткізуге күш саламыз. Қазірдің өзінде Астанада 2018 жылы Еуропа Суперкобогын өткізуге өтінім берілді. Қазақстанда 2017-2018 жылдары қыздар арасындағы U-17 және U-19 Еуропа Чемпионатын өткізуге өтінім әзірленіп жатыр»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар