Қазақстанда 200 волонтерлік ұйым жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 200 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Бұл туралы волонтерлердің «BIRGEMIZ» республикалық фронт-кеңсесін ресми іске қосу шарасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтер жылы аясында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру көзделуде. Осы ретте бүгін ашылып отырған фронт-кеңсе еліміздегі волентерлік қызметті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Бұған қоса, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз бастама қылып көтерген қайырымды істер жылын жоғары деңгейде ұйымдастыруда фронт-кеңсе бар күш-жігерін жұмсайды», - деді Дәурен Абаев салтанатты шараға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата айтқан сөзінде.

Министрдің дерегінше, бүгінде елімізде 50 мың белсенді азаматы бар 200 волонтерлік ұйым жұмыс істейді.

«Мәселен, Сіз бастама жасаған «Таза Қазақстан» акциясына 300 мың адам қатысты. Осы жылы бұл акцияны жалғастырамыз. Меніңше, қатысушылар саны миллион адамға жетіп қалуы тиіс. Биыл Қазақстан дүниежүзілік акцияның қатысушысы болады. Өзіңізде жақсы білетін жақсы мысалдарымыз да бар. Ол – Арыс. Сол кезде еріктілер, оның ішінде жүздеген жас Арысты қалпына келтіруге қатысты», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бүгінде қазақстандықтардың тек 6 пайызы ғана волонтерлікпен белсенді айналысады. Дегенмен, волонтерлік шараларға қатысуға ниетті қазақстандықтардың саны 48 пайызға жуықтайды.


Соңғы жаңалықтар