Қазақстанда 200-ден астам неміс компаниясы жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 200-ден астам неміс компаниясы жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ГФР-дің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Лютенберг бастаған делегация елордаға келді.

«Біз экономика саласында тығыз байланыстамыз. Германияның Орталық Азия елдерімен сауда айналымының сексен пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Қазақстанда барлығы 200-ден астам неміс компаниясы жұмыс істейді. Еуропалық Одақ - Қазақстанның ең маңызды сауда серіктесі. Біздің мәдени байланысымыз да орнықты даму үстінде. Гете институтының Қазақстандағы өкілдігі елдеріміздің арасындағы мәдени ынтымақтастыққа ықпал етіп, 15 неміс әріптес мектептерінен басқа, неміс тілін үйренудің басқа да мүмкіндіктерін ұсынады. Жоғары оқу орындары бойынша бірлескен жобаның бірі - қазақ-неміс университетін айтуға болады», - деді Маттиас Лютенберг БАҚ-тың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми уәкілдің мәлімдеуінше, Қазақстанда тұратын этникалық немістер және Қазақстаннан шыққан және қазір Германияда тұратын немістер екіжақты қатынаста маңызды рөл атқарады.

«Германия мен Еуропалық Одақ алдағы онжылдықта да Қазақстан үшін сенімді серіктес ретінде қолдау көрсетіп, әрекет етеді. Дипломатиялық қатынастардың қазіргі мерейтойы осы қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Алдымызда болашақта бірге шешуді талап ететін көптеген міндет тұр. Осыған байланысты мен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді, жаңартылатын энергия, сутегі немесе сирек кездесетін пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды қажет деп түсінемін», - дейді ол.

Сондай-ақ, шетелдік мейман қазақ-неміс білім беру жүйесін одан әрі жетілдіре түсу идеясын ұсынды.


Соңғы жаңалықтар