Қазақстанда 2 мыңға жуық адам докторантураға түсуге өтініш берген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтініш қабылдау 5 шілде мен 5 тамыз аралығында жүргізілді. Оқуға түсу үшін бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім бағдарламасын таңдауға болады. Емтихандар 20 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға грантқа және ақылы негізде оқуға түсу шегі – 75 балл, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен жылдан бастап докторантураға түсу емтиханы электронды форматта өткізіліп келеді.

Үміткерлер компьютерде эссе жазады, докторантурада оқуға дайындық бойынша тест және білім бағдарламасының бейіні бойынша емтихан тапсырады.

«Түсу емтихандарының бірінші кезеңі жоғары оқу орындарында сұхбаттасу форматында жүргізіледі. Екінші кезеңі тестілеу орталықтары базасында электрондық форматта өтеді. Болашақ докторанттар жоғары оқу орындары бекітетін тақырыптар бойынша эссе жазады. Эссені бағалау, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандардың нәтижелері арқылы алынған балдар жинақталып, қабылдау емтиханының қорытынды бағасы шығарылады», – деп атап өтті министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова.

Жалпы, оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші - 100 балл.

Оның ішінде сұхбаттасу – 20, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30, бейінді емтихан сұрақтары – 40 балл.

Биыл алғаш рет докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергені туралы сертификаттан бөлек ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет.

Докторантура бойынша мемлекеттік білім тапсырысына келетін болсақ, 2022-2023 оқу жылына PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік грант саны – 1890.

Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде тоғыз ай жұмыс өтілі бар немесе медициналық мамандық бойынша резидентурада оқуын аяқтаған тұлғалар қабылданады.





Фото: 1technation.com

Соңғы жаңалықтар