Қазақстанда 2 млн-нан астам адам тұмауға қарсы вакцина алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика бойынша тұмауға қарсы 2 136 575 адам вакцина алды. Бұл - жалпы халықтың 11,3 пайызы. Аталған деректі ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Биыл бюджет қаражатына Ресейде шығарылған «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында биылғы маусымда өзекті болып отырған вирустарға қарсы штамдар бар. Вакцина жалпы республика халқының 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша халықтың кемінде 10%-ын қамту қажет», - деді Марал Рақымжанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің айтуынша, осал топқа жататын азаматтарға тұмауға қарсы вакцина тегін салынады.

«Медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған және жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін вакцина тегін. Одан бөлек, бұл санатқа медицина қызметкерлері де кіреді. Тұмауға қарсы вакцинация қазан айында басталды. Республика бойынша 2 136 575 адам тұмауға қарсы вакцина алды. Бұл - жалпы халықтың 11,3%», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман вакцинадан кейін асқыну жағдайының тіркелмегенін тілге тиек етті.

Айта кетсек, тұмауға қарсы вакцина алғандардың 468 579 немесе 22 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал 1 667 772 не болмаса 78 пайызы ересектер.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде қазан айынан бастап 1 млн 27 мың адам ЖРВИ жұқтырған.


Соңғы жаңалықтар