Қазақстанда 2 млн адам ауаның ластану деңгейі жоғары өңірлерде тұрып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын атмосфераға түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тоннадай, бір ғана көліктердің өзінен 1 тоннадан асатын зиянды заттар, яғни улы заттар шығарылады.

Осы мәселеге байланысты сенатор Рашит Әкімов өзінің депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Соңғы уақытта ауаның ластануы мәселесі дүние жүзін алаңдатып отыр. Біздің мемлекетте де ауаның ластануы күрделі жағдайда. Елімізде өнеркәсіп, өзге де өңдеу кәсіпорындары, ЖЭС пен көлік түрлерінің түрі артқан сайын олардың ауа қабатына шығаратын улы газдары көбеюде. Мысалы, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын атмосфераға түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тоннадай, бір ғана көліктердің өзінен 1 тоннадан асатын зиянды заттар, яғни улы заттар шығарылады екен. «Қазгидрометтің» мәліметінше, 2017 жылы еліміздің ірі қалаларында атмосфералық ауаның жоғары ластануының 990, ал аса қауіпті ластанудың 98 оқиғалары тіркеліпті», - дейді ол.

Сенатордың айтуынша, бір ғана Атыраудың өзінде ауа қабатының жоғары ластануының 357 оқиғасы және өте жоғары ластанудың - 75, Өскеменде жоғары ластанудың - 419 және өте жоғары ластанудың 18 оқиғасы тіркелген.

«БҰҰ Даму бағдарламасы сарапшылары жариялаған мәліметке сәйкес, қазір біздің елімізде халықтың 5 миллионы, яғни 30 пайызы атмосфералық ауасы ластанған, ал 2 миллион тұрғыны ауаның ластану деңгейі өте жоғары өңірлерде өмір сүруде. Биылғы қыста Теміртау қаласы мен қала аумағында қара қардың жауғаны үлкен қоғамдық пікір туғызды. Кейін бұл да атмосфералық ауаның ластануы болып шыққаны анықталды. Ал Алматы қаласының атмосфералық ауа бассейнінің сапасы бүгінгі күннің өте күрделі мәселесіне айналып отыр. Бүгін де Астана да ауаның ластануы жағынан индексі жоғары шаһарлардың қатарын толықтырып отыр», - дейді Әкімов.

Сенатор осы мәселелерді ескере отырып, экологиялық жағдайды ретке келтіруге, ауа қабатының ластануын жоғары деңгейде болдырмау үшін Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылдану керектігін атады.

«Қоршаған ортаның тазалығын сақтауды ескере отырып, елді мекендердегі атмофералық ауаның ластану мәселелерін зерттеу мен талдау үшін сарапшыларды, ғалымдарды қоса отырып, ведомствоаралық комиссия құру мүмкіндігін сұраймыз», - деп түйді Рашит Әкімов.

Соңғы жаңалықтар