Қазақстанда 1922 ауылда ауыз су проблемасы бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын саны 200 адамнан аспайтын ауылдарға су тазарту жүйесі орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдындағы есебінде айтты.

«Бүгінгі күні республика халқының 94,1 пайызы, яғни 17,7 млн адам сумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 10,7 млн қала халқы және 7 млн ауыл халқы бар. Қазақстанда 6316 ауыл бар болса, соның ішінде 4394 ауылда ауызсу мәселесі шешілген. Сумен жабдықтауға қолы жетпей отырған 1922 ауылдың 793-інде орталықтандырылған су құбырын салу жоспарланған. Ал қалған 1129 ауылда тұрғындар саны 200 адамнан аспайды. Мұндай елді мекендерде жергілікті су тазарту жүйесі орнатылады», - деді ведомство басшысы.

Министр биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жобаларына республикалық бюджеттен 151,4 млрд теңге бөлінгенін еске салды.

«Жыл аяғында қала халқының 98%-ы және ауыл халқының 91,8%-ы судан тапшылық көрмейтін болады. 2025 жылға дейін халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету жоспарланған», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар