Қазақстанда 180 мың мұғалім біліктілігін арттыру курсынан өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Білім және Ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен қала басшысы Ахметжан Есімовтің қатысуымен білім беру саласы мамандарының тамыз кеңесі өтті. Шара барысында министр Аслан Сәрінжіпов жаңа білім беру стандартын енгізу туралы айтып өтті.

Министрдің айтуынша, 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілетін білім берудің жаңа стандарты мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа талаптарын енгізуді қажет етеді.

«Білім беру саласын жаңа стандартқа көшіру ұстаздардың біліктілігін арттыру жүйесін де жаңғыртуды талап етеді. Қазіргі таңда ҚР БҒМ бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттырудың жаңа бағдарламасын жасап жатыр. Әзірге 180 мың мұғалімнің біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Жоғары сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жобасы кейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», - деді министр.

Министр Алматының еліміздің бірегей білім және ғылым ордасы ретінде көшбасшы болып отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, оңтүстік астана мектептерінде мұғалімдердің 30 пайызының біліктілігі жоғары. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіш.

Қала басшысы Ахметжан Есімов қаладағы білім беру ісінің бірқатар өзекті мәселелері мен жаңа оқу жылына белгіленген міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, биылғы оқу жылында басты басымдық жалпы білім беру мектептеріндегі білім беру жүйесін Назарбаев зияткерлік мектебіне бейімдеу, білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі білім берумен балаларды 100 пайыз қамту мәселелеріне берілмек.

Соңғы жаңалықтар