Қазақстанда 1700-ден астам елді мекен газбен қамтылған – Үкімет

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 1700-ден астам елді мекен немесе 11 миллионнан астам қазақстандық табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік талдау энергия көздерінің басқа түрлерін өндіру мен тұтынуға қарағанда газ өнеркәсібі озық қарқынмен дамып жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстанда да дәл осындай жағдай. Мәселен, 2017 жылы еліміз шамамен 14 млрд текше метр газ тұтынса, 2021 жылы оның көлемі 19 млрд текше метрге жақындады. Өткен жылдың өзінде ғана 3600-ден астам өнеркәсіптік нысан газға көшірілді», - деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осының нәтижесінде соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ке өскен. Ал биыл тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге дейін артады деп болжанған.

«Газдандырылған елді мекендердің жалпы саны 1700-ден асады. Осылайша 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді. Бұл тұрақты өсім көрсетіп отырған газ саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатынын көрсетеді», - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Энергетика министрі 2022 жылы халықтың 58,43% пайызы газбен қамтылатынын айтқан еді.

Биыл 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылды, бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар