Қазақстанда 16,3 млн адамның электронды денсаулық паспорты бар - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев білім мен денсаулық саласына ақпараттық теxнологияларды енгізу нәтижесін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда білім беру саласының барлық деңгейі цифрландырумен қамтылған. Мектепке дейін білім беретін ұйымдардың 64 проценті өтініштерді электрондық түрде қабылдайды. Ал мектептердің 94 проценті электрондық күнделіктер мен журналдарды пайдаланады.

«Жалпы, бұл бағытты цифрландыру ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты 30 процентке төмендетуге мүмкіндік берді», - деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында электронды құжат беруге медициналық ұйымдардың 99,2 проценті ауысты. Қазақстанның 16,3 миллион тұрғынында өңірлік электрондық денсаулық паспорты бар.

«Дәрігердің қабылдауына бару, сағаттап кезек күту екі есеге азайды. Ал анализдердің қорытындысын алу уақыты 2,5 есеге дейін төмендеді. 2019 жылы электрондық денсаулық сақтау паспорттарымен қамтамасыз етуді 100 процентке жеткізу жоспарланған. 2018 жылы денсаулық сақтауды цифрландырудың экономикалық тиімділігі 37,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесі бойынша есеп берді. Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев цифрландыру аясында мемлекеттік органдардың өзара байланысын күшейтіп, ақпараттық технологияларды қолдануды талап ететін нормаларды тездетіп бітіруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар