Қазақстанда 150 мыңнан астам домендік атау тіркелген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қазақстандық интернет-сегментте қанша домен тіркелгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент Мәжілісінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын іске асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізген болатын.

«Қазіргі уақытта қазақстандық интернет-сегментте 156 мыңға жуық домендік атаулар тіркелген, оның 86,5 мыңы белсенді және пайдаланушылар үшін қолжетімді. Ол мемлекеттік, жеке ақпарат, медиа және басқа да сайттар. Сондай-ақ Қазақстанда домендік атауларды тіркеумен айналыса алатын 12 компания тіркелген. Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлайтын 8 оқу орны, 25 арнайы орта оқу орны бар», - деді А. Оразбек Мәжіліс комитетінің отырысында.

Вице-министр атап өткендей, «Қазақ торап ақпарат орталығы» елдегі домендік атауды қолдау жөніндегі менеджер болып саналады.

«KZ» кеңістігінде домендік аттардың әкімшісі болған қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығы да доменді дамыту жұмыстарымен айналысады.

«Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі уәкілетті орган тұтас кеңістікте ережелерді орнатумен, мемлекеттік саясатты қалыптастырумен және интернет желісінің қазақстандық сегментінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етумен айналысады», - деп толықтырды А.Оразбек.


Соңғы жаңалықтар