Қазақстанда 15 шөгінді алапқа геологиялық барлау жүргізу керек - Мағзұм Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі геологиялық барлау саласына инвестор тарту жұмысын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің геологиялық барлау саласына ірі шетелдік инвесторлар тарту жөніндегі маркетингтік стратегияны, сондай-ақ road-show әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter парақшасында хабарлады.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалпы өндірілген көмірсутек ресурсы 76,4 млрд тонна мұнай эквивалентіне тең келеді. Зерттеуді қажет ететін 15 шөгінді алап бар.

«Еліміздің геологиялық барлау саласындағы стратегиялық міндетінің бірі - жаңа кен орындарын ашуда маңызы зор инвестиция тарту», - деп жазды дүйсенбіде М.Мырзағалиев.

«Еліміздің геологиялық барлау саласына ірі шетел инвесторларын тарту, негізгі әлемдік нүктелерде еліміздің инвестициялық, геологиялық әлеуетін көрсету мақсатымен road-show ұйымдастыру бойынша тәуелсіз сараптама жасаудағы және тиімді стратегия дайындаудағы көшбасшы - IHS Markit компаниясымен маркетингтік стратегия әзірлеу мәселесін талқыладық», - деді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, инвестиция тарту заманауи технологиялар арқылы кешенді геологиялық барлау жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Бұл аса терең бассейндердің барлық аумағындағы геологиялық құрылымның дәл кескінін беріп қана қоймай, өз әлеуетімізді барынша бағамдауға, жаңа кен орындары мен жаңа келешектің кілтін ашуға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.


Соңғы жаңалықтар