Қазақстанда 14,4 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 417 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 584 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 028 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 186 және 881 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 302 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 437 адам тартылды.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 693 жұмыс беруші бар. Оларда 407,9 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 262 адам (37,3%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 441 адам (10%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 143 адам (8%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 979 адам (7% ); өңдеу өнеркәсібі – 883 адам (7%)», - деп жазды ведомстводан.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 493 адам (25%), Түркия – 1 523 адам (11%), Үндістан – 1 722 адам (12%), Өзбекстан – 1461 адам (9,3%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.


Соңғы жаңалықтар