Қазақстанда 13,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр Қазақстанда 13,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуді мақсат ететін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылдың қорытындысында республика бойынша барлығы 13,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл дегеніміз 115 800 пәтер. 2018 жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 104,9 пайызды құрады. Енді бәрін тарқатып айтсақ, өткен жылдың 12 айы ішінде сатып алу құқығынсыз 14,5 мың жалға берілетін пәтер салынды. Оның ішінде 6 266 пәтер әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға берілді. Өңірлер арасында бұл тұрғыдан Түркістан (1532 пәтер), Атырау (600 пәтер) және Қызылорда (521 пәтер) облыстары алда келеді», - делінген министрлік мәліметінде.

Мұнымен қоса, 5 597 пәтер көпбалалы отбасылардың игілігіне берілді. Түркістан облысы (841 пәтер) бұл жағынан да көш басында. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (686 пәтер) және Нұр-Сұлтан қаласы (549 пәтер) тұр.

«Сондай-ақ, сатып алу құқығынсыз берілетін пәтерлерге жастар да ие болды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пәтер, Шымкентте 904 пәтер және Алматы қаласында 576 пәтер кілті жұмыс істейтін жастарға табыс етілді», - деп нақтылады ведомство мамандары.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан 10 600 пәтер, «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қаржыландыруы есебінен 643 пәтер, жеке салушылар есебінен 2 748 пәтер салынды.

Осы орайда 2018 жылы Қазақстанда 12,5 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін айта кету керек.

Елімізде тұрғын үй құрылысы саласындағы жұмыстар енді 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында жалғасын табады. Жаңа бағдарламада тұрғын үй құрылысы, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін дамыту саласындағы мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары үйлестірілген.



Соңғы жаңалықтар