Қазақстанда 100 дене шынықтыру кешені салынуда

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің өңірлерінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұқаралық спорттың дамуына спорт нұсқаушылары үлкен үлес қосуда. Бүгінгі таңда республикада тұрғылықты жері бойынша 3 мыңнан астам спорт нұсқаушысы жұмыс жүргізуде, оның ішінде ауылдық жерлерде 1 200-ге жуық спорт нұсқаушысы бар», - деді Е. Қожағапанов Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырсында.

Оның айтуынша, еңбек ұжымдарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастыру мәселелері үлкен маңызға ие. Бүгінгі күні дене шынықтыру ұжымдарының саны 21 334-ке жетті. Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 130 мыңнан астам спорт секциясы құрылды, онда сабақтармен 5,3 млн адам қамтылды.

Спорттың жай-күйі мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені жасырын емес. Осы мақсатта елімізде 41 352 спорт ғимараты жұмыс істейді. Еліміздің өңірлерінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДСК) құрылысы жүргізілуде, оның 13-і 2019 жылы пайдалануға берілді.

«2020 жылы 14 ДСК пайдалануға берілді, оның ішінде 7 ДСК «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша, 10 ДСК аяқталу сатысында», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі отырыс барысында бұқаралық спорт өңірлердегі көптеген азамат үшін әлі де қолжетімді емес екені айтылды.

Ерлан Қожағапановтың сөзіне қарағанда, былтыр еліміздің дене шынықтыру-спорт қозғалысына 5,9 млн адам қатысқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар