Қазақстанда 1 395 ауылдың су мәселесі алдағы екі жылда шешіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда 6 295 ауыл тіркелген және оның 4 900-і сумен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы орталық коммуникациялар қызметінде айтты.

Спикердің айтуынша, қалған 1 395 ауылдың ауыз су мәселесі 2025 жылдың соңына дейін шешіледі.

«391 ауылда біздің министрліктің желісі бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарлануда және 41 ауылда Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жобасы шеңберінде салынбақ. Халқы аз 963 ауылда бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет қаражатынан кешенді блок модульдер орнатылады», - деді спикер.

Орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланған 126 ауылда жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет.

Қазір 59 ауыл бойынша аталған жұмыс жүргізіліп жатыр және қалған 67 ауыл бойынша әкімдіктерге жұмысты жеделдету қажет.

Бұған дейін спикер елде су тұтыну мәдениеті қалыптаспағанын, Қазақстан Еуропа елдерімен салыстырғанда 3 есе көп су жұмсайтынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар