Қазақстан «Жыл мемлекеті» атанды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен Red Jolbors XI Орталық Азия коммуникациялар фестивалі аясында Қазақстан «Жыл мемлекеті» болып танылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фестивальге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжаннан 450-ден астам адам қатысып, 360-тан астам жұмыс ұсынылды. Red Jolbors аясында білім беру бағдарламасы ұйымдастырылып, үздік коммуникациялық және жарнама шешімдері байқауы өтеді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстан «Жыл мемлекеті» атанды. Бұл атақ халықаралық қазылар алқасының дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп ұпай жинаған елге беріледі.

Әзербайжанның Endorphin компаниясы «Жылдың ең үздік агенттігі» деп танылды. Қазақстан атынан қатысқандарға 50, Өзбекстанға 24, Әзербайжанға 13 марапат табысталды.


«Red Jolbors-та біз әрқашан саланың ең қызықты және өзекті мәселелерін көтереміз. Жарнамалық агенттіктердің өкілдері және аймағымыздың маркетологтеріне тәжірибемізді айту үшін үздік сарапшыларды жинауға тырысамыз. Биылғы жылы конкурстың спикерлері мен қазылар алқасы жарнама және маркетинг саласындағы ең беделді марапаттардың иегерлері болды. Бүкіл құрамға 100-ге жуық Канн фестивалінің жүлдегерлері, сондай-ақ маркетинг саласындағы әлемдегі ең маңызды марапаттардың бірі – «Эффиліктер» кірді», - дейді Red Jolbors негізін қалаушы Сабина Рейнгольд.

Дәрістердің, сондай-ақ панельдік пікірталастардың спикерлері ірі жарнама агенттіктерінің, Еуропа, Оңтүстік Корея, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей компанияларының өкілдері болды. Олар өздерінің практикалық тәжірибелерін әңгімелеп берді және шығармашылық идеяларды әзірлеу, маркетинг құралдарының тиімділігі, брендтердің өсу мүмкіндіктері, серіктестік құру, цифрлық дизайннан кейінгі дизайн, маркетингтегі метаверстер, TikTok-қа миллиондаған аудиторияны тарту туралы айтты. Сондай-ақ, Red Jolbors-тың 2022 жылғы негізгі тақырыптарының бірі – өмір сүріп жатқан ортаны жақсы жаққа өзгертетін ESG жобаларын құру және дамыту болды.

Сонымен қатар, іс-шарада 3 түрлі панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Олардың бірі – Орталық Азия елдерінде креативті экономиканы дамыту. Оған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов қатысты.

«Қазір Қазақстан мен оның мемлекеттік органдары бизнес және қоғаммен өзара іс-қимылға ашық. Маңызды қоғамдық мәселелерді шешу үшін біз шығармашылық салалардың, креативті индустрия өкілдерін тарта отырып, ортақ күш салуымыз керек. Осындай өзара бірлестікте ғана біздің одан әрі жалпы дамуымыз үшін зор мүмкіндіктер бар», - деп атап өтті А. Данилов.


Соңғы жаңалықтар